«Өнегелі өмір – өшпес мұра» – іс-шара


Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Семей қаласының № 6 гимназиясы» КММ 5 «А», 5 «Ә» сыныптарының оқушылары «Өнегелі өмір – өшпес мұра» атты сыр-сұхбат өткізді. Сыр-сұхбатқа            ҚазИГЗУ философия және саясаттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Түйебаев Махмұт Мамырбекұлы шақырылды. Іс-шара басында гимназия директоры М.Ғ.Ахметова сөз алып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, оларды отансүйгіштікке, қазақстандық патриотизмге, толеранттылыққа тәрбиелеудің маңызын атап өтті.

Іс-шара мақсаты:

  • туған жеріне деген сүйіспеншілігін, еліне деген мақтанышын, патриоттық сезімін оята отырып, ерен еңбегімен ел есінде қалған жерлестер есімін келешек ұрпаққа үлгі ету;
  • белгілі бір мамандыққа баулу.

«Өнегелі өмір – өшпес мұра» атты сыр-сұхбатта оқушыларды Махмұт Мамырбекұлының шығармашылық өмірі жан-жақты қызықтырған еді. Солардың  ішінде, «егер Махмұт Мамырбекұлы ұстаздық мамандық емес басқа жолды таңдаса өмірі қалай болар еді, оған ата-анасы қандай ықпалын тигізген еді, өмірін кіммен байланыстырған, өмірлік ұстанымы қандай, осындай тығыз уақыт кестесінде отбасы мен балаларына уақытын қалай жеткізеді» деген сұрақтар орын алды. «Туған жер сізге несімен ыстық?» деген ең қызықты  сұраққа Махмұт Мамырбекұлы: «Мен бала кезімде Тарбағатай жерінде өстім. Иә, шынында, әрбір адам қай өлкеде өмірге келсе, сол  жердің суына шомылып, ауасымен тыныс алып, өмірдің рахатын көреді ғой. Туған жерім достарыммен, ауасымен, жерімен, туысыммен, жерлестеріммен ыстық! Сондықтан өз жерін сүймей кету мүмкін емес, әсіресе, қартайған шағымда туған жерімді жиі еске алып отырамын»,- деп жауап берді.

Барлық қатысушылар Махмұт Мамырбекұлын тек оқытушы ғана емес, сонымен қатар қатал және талап қоятын әке, мейірімді ата ретінде таныды.

Кездесу соңында, оқушыларға Махмұт Мамырбекұлы «Сегіз аяқ»әнін орындап, тосын сый жасады.

Сыр-сұхбат барысында әр оқушы өздерінің туған жеріне арнап өлең, шығарған тақпақтарын оқыды  және патриоттық ән орындады. Махмұт Мамырбекұлы гимназия оқушыларына ақ батасын берді.

Жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, адамгершілік, патриоттық тәрбие беруде «Мәңгілік ел» кабинетінің маңызы зор. Осы, орайда, қазақ тілі мен әдебиет кафедрасы жеткіншектерді отансүйгіштікке баулуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған іс-шаралар өткізіп, еліміздің жарқын болашақ ұл-қыздарын тәрбиелеуде елеулі жұмыстар атқаруда.

Қазақ тілі мен әдебиет кафедрасының жетекшісі: Шакенова Ардақ Рақымқызы